Түркістан облысында көкпардан республикалық жарыс басталды

Түркістан облысында еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ат спортының ардагері, КСРО-ның тоғыз дүркін чемпионы Әбілхан Дәулбаевтың 75 жылдығына арналған ашық республикалық көкпар турнирі басталды, деп хабарлайды Sportm.kz Түркістан облысы әкімдігіне сілтеме жасап.
Жарыс жауапты министрлік бекіткен командалық көкпар ережесі бойынша өтуде.
Биыл турнир төртінші рет ұйымдастырылып отыр. Жүлделі орындар үшін Түркістан, Алматы, Қарағанды, Жамбыл, Қостанай облыстарының, Шымкент қаласының, Қазығұрт және Меркі аудандарының үздік көкпаршылары сынға түсуде.
Жарыс айналмалы жүйе бойынша өтіп жатыр, командалар екі топқа бөлінген. Алғашқы кездесуде Түркістан облысының құрамасы Қазығұрт ауданының командасын 8:2 есебімен айқын басымдықпен ұтты.
Турнир жеңімпаздары 4 мамыр күні анықталады. Бас жүлдеге – 5 миллион теңге, екінші орынға – 3 миллион теңге, ал үшінші орынға – 2 миллион теңге көлемінде сыйақы қарастырылған.