Қазақстан әйелдер құрамасы теннис тарихындағы ең үздік көрсеткішке қол жеткізді

Қазақстан әйелдер теннис құрамасы Billie Jean King Cup рейтингінде тарихи жетістікке қол жеткізді – команда алғаш рет әлемнің үздік алты құрамасының қатарына енді, деп хабарлайды Sportm.kz.
Жаңартылған рейтингке сәйкес, қазақстандықтар бірден алты саты жоғарылап, 12-орыннан 6-орынға көтерілді. Бұл – еліміздің әйелдер теннисіндегі ең жоғары көрсеткіш.
Қазақстан құрамасы рейтингте Чехия, Германия, Аустралия, Жапония, Бельгия және Франция секілді мықты ұжымдарды артта қалдырды. Қазіргі таңда көш басында – Италия, екінші орында – Ұлыбритания, үшіншіде – АҚШ. Төртінші және бесінші орындарды тиісінше Испания мен Канада иеленіп отыр.
Айта кетейік, өткен айда Қазақстан құрамасы іріктеу кезеңінде сенімді ойнап, командалық әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алған еді. Финалдық турнир 16-21 қыркүйек күндері Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтеді.