Спорт Министрі | Qazaqstan Hockey Open-2025 турнирінің алғашқы ойынында ұлттық құрама жеңілді
ТРЕНДТЕХОККЕЙ

Qazaqstan Hockey Open-2025 турнирінің алғашқы ойынында ұлттық құрама жеңілді

Астанада хоккейден өтіп жатқан халықаралық Qazaqstan Hockey Open-2025 турнирінің шымылдығын Қазақстан мен Ресей жастар құрамасы (U-25) ашты, деп хабарлайды sportm.kz.

Өкінішке қарай, отандық құрама алғашқы кездесуде сәтсіз ойнап, 1:4 есебімен жеңілді. Қонақтар қақпаға төрт шайба соқса, біздің құрамадан жалғыз голды Әлихан Әсетов соқты.

Матчтан кейін Қазақстан құрамасының бас бапкері Олег Болякин жеңіліске жекелей қателіктер себеп болғанын айтты.

Жігіттер шабуылда жаман ойнаған жоқ. Бір голдан көп соғуымыз керек еді. Жақсы мүмкіндіктер болды, бірақ пайдалана алмадық. Статистикаға қарасақ, біз 32 соққы жасадық, ал қарсылас – 16. Алайда, жекелеген қателіктердің кесірінен гол жіберіп алдық. Қорғаныста түсініксіз әрекеттер көп болды, әсіресе бастапқы кезеңде тым жұмсақ ойнадық, – деді бапкер.

Оның айтуынша, құрама әлі толық қалыптасып болған жоқ. Ойыншылар әр жақтан жиналып, жарақат алғандар да бар. Дегенмен, команда қай бағытта жұмыс істеу керек екенін түсінген.

Уақыт бар, бірақ көп емес. Үшінші кезеңде біз басымдық көрсеттік – бұл да жақсы белгі. Ұнжырғамыз түспейді, – деді Болякин.

Қазақстан құрамасы келесі ойында Беларусь командасымен кездеседі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button