Қайрат Сәтжанов: Сағындық жеңілген жоқ

Сағындық Тоғамбай жеңілген жоқ. Бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов осындай мәлімдеме жасады.
Айта кетейік, қазақстандық былғары қолғап шеберлері жуырда ғана Ресейдің Хабаровск қаласына барып, халықаралық турнирге қатысқан болатын. Ұлттық құрама өкілдері 2 алтын, 1 күміс және 3 қола жеңіп алды. Әсіресе, әлгі жалғыз күміс жүлде иегері Сағындық Тоғамбайдың финалдағы жеңілісі көпшіліктің күмәнін туғызған. Бас бапкер де осыған ұқсас пікір білдірді.
«92 келіде Сағындық Тоғамбай күміс медаль еншілегенімен, жеңілді деп айта алмаймын. Себебі, финалда жергілікті боксшымен кездесті. Төрешілердің де көмегі болды деп ойлаймын» — деді Қайрат Сәтжанов әріптесіміз Қанат Байұзақовқа берген сұхбатында.
Айта кетейік, Сағындық финалға дейін барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтты. Тіпті, кей кездесулерді уақытынан бұрын аяқтады. Ал, финалда ресейлік Cергей Слободянмен кездесіп, төрешілер шешімімен жергілікті боксшыға 5:0 есебімен есе жіберді.