Қ. Сәтжанов: Махмұд бірінші, Сәкен екінші нөмірлі боксшы

54 келідегі бәсекелестік туралы бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов осындай пікір білдірді.
Айта кетейік, Сәкен Бибосынов ұзақ үзілістен кейін шаршы алаңға қайта оралып, жуырда ғана Хабаровск қаласындағы халықаралық турнирге қатысқан болатын. Ұлттық құрама өкілі бұл жолы 51 емес, 54 келіде сынға түсті. Соған қарамастан барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, жарыс жеңімпазы атанды. Финалда ресейлік Денис Пальшинді 5:0 есебімен жеңді. Бас бапкер Сәкеннің рингтегі қарым-қабілетіне өте жоғары баға берді. Десе де, бұл салмақта көшбасшы болып Махмұд Сабырханның қала беретінін алға тартты. Сәкен мен Махмұдттан бөлек, дәл осы 54 келіде кәдімгідей бәсекелестік тудыратын жастар өсіп келеді. Оларды да есептен шығармау қажет деді Қайрат Сәтжанов әріптесіміз Қанат Байұзақовқа берген сұхбатында.
«Желтоқсан айындағы жарақатынан кейін қатарға қосылған Сәкен Бибосынов Ресей төрінде 54 келіде жақсы өнер көрсетіп, үш кездесуінде де басым түсті. Жаңа салмақта ешкімнен осал емес екенін анық аңғартты. Ол ұлттық құрамада екінші нөмірлі боксшы. Көшбасшы – Махмұд Сабырхан. Нұрсұлтан Алтынбек Бразилиядағы Әлем Кубогында топ жарды. Бағлан Кенжебек те жыл басынан бері екі турнирде чемпион атанды. Олардан бөлек, жастар арасындағы әлем чемпионы Боранбек Бексұлтанды есептен шығаруға болмайды. Бір салмақта мықтылардың жиналғаны бәсекелестікті одан әрі жоғарылатады» — деді Қайрат Сәтжанов әріптесіміз Қанат Байұзақовқа берген сұхбатында.