Бапкерлеріміз «Спартакта» біліктілік арттырады

Жас футболшыларды дайындайтын мамандарға осындай керемет мүмкіндік жасалды. Бастаманы жергілікті денешынықтыру және спорт басқармасы қолға алды.
Оның аясында №8 спорт мектебінің жаттықтырушылары Мәскеудегі Федор Черенков атындағы «Спартак» академиясына аттанып, сол жақта арнайы тағылымдамадан өтеді. Балалар футболына қатысты жаңашылдықтарды игеріп, әдістемелерін үйреніп, әріптестерімен тәжірибе алмаспақ. Айта кету керек, бұндай жағдай бірінші рет жасалып тұр. Қазір қос тарап арасында тығыз қарым-қатынас орнаған. Жыл сайын Астанада футболдан балалар арасында халықаралық турнир ұйымдастырылады. Оған мәскеулік «Спартак» шәкірттері тұрақты келеді. Енді біздің балалар да сол жақтағы жарыстарға қатысуды жоспарлап отыр. Бұған қоса, осылай мамандар да өзара шеберлік шыңдап тұрмақ.
«Жуырда ғана Астанада балалар арасындағы халықаралық турнир өтті. Оған мәскеулік «Спартак» пен ташкенттік «Пахтакор» келген болатын. Енді осы әріптестік одан әрі жалғасын тапқанына қуантышмыз. Өз басым бірінші рет осындай тағылымдамадан өткелі отырмын. Өте қажетті бастама деп ойлаймын» — деді №8 спорт мектебінің бапкері Родион Мозговой.
Бастама алдағы уақытта тұрақты жүзеге асады. Яғни, алдымен алты бапкер тағылымдамадан өтсе, кейін басқаларын да кезек-кезек жіберу көзделеді деді спорт мектебінің басшысы.
«Мақсат – бапкерлер біліктілігін арттырып, білімін жетілдіру. Бастама жүйелі түрде жүзеге асады. Яғни, осы алты адаммен тоқтап қалмаймыз. Алдағы уақытта да өзінің жұмысын жақсы орындап, жоғары жетістіктер тіркеген бапкерлерді ынталандырып, мықты академияларға жіберіп отырамыз» — деді №8 спорт мектебінің директоры Еркебұлан Жомарт.