Арина Алтухова – Әлем Кубогының жүлдегері

Аргентина астанасы Буэнос-Айрес қаласында спорттық ату түрлері бойынша дүниежүзілік дода өтіп жатыр.
Жарыстың алғашқы күндері қазақстандық спортшылар сәтті өнер көрсетті. Әсіресе, Арина Алтухова винтовкамен 50 метрден үш позицияда оқ атуда қола жүлде жеңіп алды. Арина іріктеу кезеңінде 588 ұпай жинап, үшінші сатыға тұрақтады. Ал, финалда 445,9 ұпаймен сол үшінші орынды сақтап қалды. Айта кету керек, Арина көрсеткіш жағынан әлем чемпионатының жүлдегерлері мен олимпиада ойындарының қатысушыларынан асып түсті. Жарыс қорытындысы бойынша, бірінші орын Үндістан, екінші орын Германия спортшыларына бұйырды.
«Маған бұл жарыс ұнады. Өйткені биылғы маусымдағы алғашқы финалым. Олимпиада ойындарынан кейін көп өзгеріс болды. Біраз тәжірибе жинап, шеберлік шыңдадым. Бірақ, мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Одан да жақсы нәтижелер тіркеуге тырысамын. Алдағы жылы кезекті Олимпиада ойындарына квота жеңіп алуым қажет» — деді Арина Алтухова.
Қалған жерлестеріміздің де нәтижелеріне тоқтала кетейік. Александра Ле 12-ші, Софья Шульженко 14-ші, ал, Елизабета Безрукова 24-ші орыннан табылды. Буэнос-Айрес қаласындағы Әлем Кубогы 11-сәуірге дейін жалғасады.