
Бразилияда бокстан Әлем Кубогы жалғасып жатыр. Бұл — World Boxing ұйымы енгізген жаңа форматтағы жарыс.
Оған 11 бірдей ұлттық құрама өкілі аттанған болатын. Араларынан аса ауыр салмақтағы Даниял Сапарбай ең бірінші болып жартылай финалға жолдама алды. Ол бірер сағат бұрын үндістандық Нарендер Нарендермен кездесіп, 3:2 есебімен жеңді. Иә, жекпе-жек тең дәрежеде өтті және жерлесіміз сәл басымдықпен ғана алға шықты. Өкіншітісі, бүгін жұдырықтасқан басқа спортшыларымыз қарсыластарына есе жіберіп, жарысты аяқтады. Атап айтқанда, әйелдер арасында 54 келідегі Анита Әдішева польшалық Виктория Рогалинскадан жеңілді. Ерлер арасында негізгі үміттеріміздің бірі 60 келідегі Талғат Сырымбетов бразилиялық Луиз Олейвераға есе жіберді. 65 келідегі Алмат Әбдуәлі тағы бір жергілікті боксшы Юри Рейес Фалькаодан ұтылды. Ал, ең жеңіл салмақтағы Нұрзат Оңғаров өзбекстандық Асылбек Жалиловпен кездесіп, өзбек боксшысы 5:0 есебімен жеңіске жетті. Осылайша 4 боксшымыз жарыс жолынан шығып қалды.
Енді әйелдер арасында 2, ерлер арасында 5 ұлттық құрама өкілі жүлдеге таласады. Бразилиядағы әлемдік аламан 6-сәуірге дейін жалғасады.