
Бразилияда бокстан Әлем Кубогы басталады. Бұл — World Boxing ұйымы енгізген жаңа форматтағы жарыс.
Оған сегіз бірдей ұлттық құрама өкілі аттанған болатын. Араларынан 55 келідегі Нұрсұлтан Алтынбек бірінші болып шаршы алаңға шықты. Ол бразилиялық Михаил Триндадымен кездесіп, жеңіске жетті. Соның арқасында ширек финалға жолдама алды. Енді бүгін түнде қалған боксшыларымыз жұдырықтасады. Жеребе тарту нәтижесінде 50 келідегі Нұрзат Оңғаров өзбекстандық Асылбек Жалиловпен кездеседі. 60 келідегі Талғат Сырымбет пен 65 келідегі Алмат Абдуәлі бразилиялық боксшылармен қолғап түйістіреді. Ал, Дархан Дүйсебай, Диас Молжігітов және Дәулет Төлемісовтер жарысты екінші айналымнан бастайды. Бұған қоса, аса ауыр салмақтағы Даниял Сапарбай ең бірінші жекпе-жегінде үндістандық Нарендер Нарендермен жолығады. Бразилиядағы әлемдік аламан 6-сәуірге дейін жалғасады.