Мейірім мен Карлос кездесуі керек

Бүкіләлемдік бокс кеңесі қос тарапты осылай міндеттеп отыр.
Бұндай мәлімдемені бірнеше дереккөз жариялап үлгерді. Оның ішінде ESPN арнасының журналисі әрі инсайдер Сальвадор Родригес те бар. Айта кетейік, қазақстандық Мейірім Нұрсұлтанов WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағына негізгі үміткер саналады. Ал, белдіктің өзі қазір доминкандық Карлос Адаместің еншісінде. Ол жуырда, яғни, 22-ші ақпан күні титулын қорғау үшін британиялық Хамза Ширазбен кездескен болатын. 12 раундқа созылған жекпе-жек тең аяқталды. Ал, WBC талабы бойынша Мейірім жеңімпазбен жолығуы керек еді. Енді бокс мамандары Нұрсұлтанов пен Адамес кездесуін тағатсыздана күтіп отыр.
Айта кетейік, Мейірімнің шаршы алаңға шықпағанына бір жылдан асты. Ол соңғы рет 2023 жылдың қараша айында чилилік Холио Аламоспен кездесіп, төрешілер шешімімен жеңіске жеткен еді. Мейірім Нұрсұлтанов кәсіпқой рингте бүгінге дейін 20 кездесу өткізіп, 20-сында да жеңіске жетті. Оның 11-ін уақытынан бұрын аяқтады.