Спорт Министрі | Миланда медаль болады...
ҚЫСҚЫ СПОРТМӘСЕЛЕ

Миланда медаль болады…

Харбиндегі қысқы Азия Ойындарынан оралып, енді есті жиып жатырмыз. Біраз нәрсені біліп-түйіп қайттық. Шыны керек, бұған дейін қысқы спорттарға мүлде көңіл бөлмейтінбіз. Сәйкесінше, көп ештеңе білмейтінбіз. Өз басым қазақ балаларының тарихи жетістігіне қатты қуандым. Шорт-тректен де, фристайлдан да бұрын соңды болмаған нәтиже тіркелді. Алдағы олимпиададан да осы бағыттар медаль беруі керек.

Иә, үмітті ақтамаған спорт түрлері бар. Шаңғы және коньки жарыстарынан алтын мүлде болмады. Бұған қоса, биатлондағы бір ғана алтынға да көңіл толмады. Кемі 2-3 беруі керек еді. Тағы бір айта кетерлігі, ұйымдастырушы тарап биыл жарыс бағдарламасынан шаңғымен секіру және фристайл могулды алып тастаған. Шаңғы мен биатлонда кейбір қашықтықтарды қысқартып тастаған. Оның да, әрине, кері әсері болды.

Қазір енді кем-кетікпен жұмыс басталады. Ең алдымен қысқы спорттардағы федерация басшыларын ауыстыру керек деп ойлаймын. Олардың орнына мықты менеджерлер келуі керек. Жаңа басшылардың ұлтжанды болғаны да аса маңызды. Сонымен қатар, шеттен бапкерлер тарту қажеттігіне көз жетті. Жоғарыдағы шорт-тректе де, фристайлда да басқа елдің мамандары бар. Соның арқасында нәтиже де бар.

Қазір отандық қысқы спорттарда толқын алмасу процесі жүріп жатыр. Яғни, біраз бағыттарға 16-17 жастағы спортшылар келуде. Жақсы үрдіс. Енді осы өрендер пісіп-жетіліп, әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті спортшыға айналуы қажет. Дұрысы, айналдыруымыз қажет. Қазір соларға басымдық беріліп, барынша қолдау танытылса дейміз. Бұған қоса, олардың артынан келе жатқан жасөспірімдер мен балаларды да ескерусіз қалдырмай, жіті көңіл бөлінгені абзал.

Айтпақшы, легионерлер керек емес. Осы жолы ұлттық құрамада 6 бірдей көк паспорт алған спортшы болды. Барлығы да Ресейден келгендер. Олардың аға-көкелері кім екенін білмеймін. Десе де, сүйрелей берудің қажеті жоқ. Оларға қазір халық жұбанбайды және жеңсе қуанбайды. Одан да жеңілсе де қазақтың балаларын көбірек апарайық.

Одан кейін бір тілде сөйлеп, бір тілде ойлау да маңызды. Сырттай пафосты болып естілуі мүмкін. Бірақ, жеме-жемге келгенде бұл фактор көп нәрсені шешеді. Әлемде бір елдің атынан барып, бір-бірімен сөйлесу үшін аудармашы адамды қолданатын біздер ғана шығар.

Қысқы спорттарға ақша мүлде бөлінбесін дегенмен келіспеймін. Қысқы спорттарда әлеуетіміз жоғары. Соны максималды қолданып, талай биікті бағындыруға болады. Азия бойынша Қытай, Корея және Жапониямен төрттікте тұру өте жақсы көрсеткіш. Әр жарыста аталған елдердің басты қарсыласы болдық. Тіпті, бір кезде жапондардан асып түсеміз деген үміт те қылт еткен. Кейін, өкінішке орай, өшті. Бірақ, осы мақсатта жұмыс істеуге боларына және қол жеткізе аларымызға көз жетті. Бәрі өзіміздің қолда.

Қысқаша осы. Өз басым бірінші рет қысқы спорттармен жақын таныстым және ішкі мәселелеріне терең үңіліп жатырмын. Алдағы уақытта біртіндеп көтереміз және шешілуіне түрткі боламыз. Милан олимпиадасына бір ғана жыл қалды. Барынша жылдам әрі тиімді қимылдау қажет. Алып-қосарыңыз болса, төменге пікір қалдырыңыз. Бәріне сәттілік тілеймін!

АВТОР: АСЛАН ҚАЖЕНОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button