
Спортта үнемделген қаржы саладағы инфрақұрылымды жақсартуға жұмсалуы қажет.
Яғни, мүмкіндігінше барлық жерде, әсіресе, аудандар мен ауылдарда, тіпті, шалғай елдімекендерде де заманауи спорт нысандары болғаны маңызды. Бұл жөнінде Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов мәлімдеді.
«Ұлт саулығы — ең маңыздысы. Қазір осы бағытқа көбірек көңіл бөліп, үнемделген қаражат болса, спорт базаларын салуға жұмсау қажет. Әсіресе, ауылдық жерлерде жастар жиналатын нысандар керек. Оның жетіспеушілігі қатты байқалады. Ел ішін аралап жүреміз. Сол кезде халық саны 10 мыңға жететін ауылдарда спорт залдары жоғын байқаймыз» — дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Данияр Қасқарауов.
Айта кетейік, кеше ғана Парламент қабырғасында дене шынықтыру және спорт туралы заң жобасы екінші оқылымда мақұлданған болатын. Дәл осы құжатты дайындауда Данияр Қасқарауов өз тарапынан бірнеше ұсыныс жасап, арнайы нормалар енгізген еді. Енді заң аясында үнемделген қаржы, оның ішінде легионерлерге мемлекет бюджетінен ақша бөлмеу, олимпиадалық емес спорттарға ел қазынасына салмақ салғызбау және тағысын тағы сондай бастамалар бар, міне, содан үнемделген қаржы елдегі спорттық инфрақұрылымға жұмсалауы қажет дейді депутат.