Спорт Министрі |
МӘСЕЛЕХОККЕЙ

«Барыс» қаражатты тиімсіз жұмсады


«Барыс» қаражатты тиімсіз жұмсап, оны легионерлерге шашып келген. Бұл жөнінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов мәлімдеді.

Оның айтуынша, соңғы 6 жылдың өзінде астаналық клубқа ел қазынасынан 49 млрд тг жұмсалды.

«Бұл қаражаттың басым бөлігі шетелден келген ойыншыларға берілген. Қазір ол хоккейшілер жоқ та, яғни қаражаттың тиімсіз жұмсалғанын көріп отырмыз. Әйтпесе осы аралықта түрлі кешендер салуға болатын еді. Бұл дегеніміз қомақты қаражат мақсатсыз жұмсалған дегенді білдіреді», — деді Ұлан Сарқұлов.

Агенттік өкілі министрлік пен федерация басшыларына бюджет қаражатына қатысты ұсыныстар берілгенін де алға тартты. Еске сала кетейік, соңғы кезде елордалық клубта үлкен өзгерістер болып жатыр. Ұзақ жылдар бойы отырған бас директоры Борис Иванищев отставкаға кетті. Оның орнына Нұрлан Оразбаев тағайындалды. Ал, бас бапкер қызметіне Ғалым Мәмбетәлиев келді. Ол командадағы бірнеше легионермен қош айтысып, мұз айдынға жергілікті ойыншыларды көбірек шығарып жүр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button