Жәнібек Әлімханұлы наурызда рингке оралады

Бұл жөнінде Brunch Boxing басылымы мәлімдеді.
Әзірге қарсыласы туралы ақпарат жоқ. Белгілісі – Жәнібек Карлос Адамес пен Хамза Шираз жекпе-жегінің жеңімпазымен, немесе Эрисланди Ларамен жұдырықтасуы мүмкін. Қазақстандық кәсіпқой боксшы WBO және IBF тұжырымдары бойынша чемпиондық атақтарына қорғауы қажет. Жәнібектің өзі де бірер апта бұрын алдағы көктемде шаршы алаңға шығатынын жазған болатын.
«Көктемде чемпиондық атақтарымды қорғауым қажет. Күзге қарай белдіктерімнің саны үшеуге жетеді» — деді Жәнібек.
Айта кетейік, ол кәсіпқой рингте 16 кездесу өткізіп, 16-сында да жеңіске жетті. Оның 11-ін уақытынан бұрын аяқтады. Соңғы рет былтыр қазан айында Австралияда жұдырықтасты. Сидней қаласында жаңазеландиялық Андрей Михайловичті нокаутпен ұтып, чемпиондық атақтарын қорғап қалды.