Елена Рыбакина екінші айналымға шықты

Рыбакина жеңді. Бублик пен Шевченко жеңілді. Мельбурн қаласында теннистен жылдың басты бәсекесі Аустралия ашық біріншілігі өтіп жатыр.
Жарыстың кезекті күні қазақстандық спортшылар кордқа шықты. Әсіресе, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина дүниежүзілік рейтингіде 293-ші тұрған 16 жастағы аустралиялық Эмерсон Джонспен кездесті. Эмерсон «Үлкен дулыға» турниріне алғаш қатысып тұр. Сәйкесінше, тәжірибелі Елена оны айқын басымдықпен ұтты. Қорытынды есеп: 6:1, 6:1. Енді Елена Рыбакина екінші айналымда әлемнің 191-ракеткасы, 17 жастағы америкалық Ива Йовичпен жолығады.
Ал, қазақстандық жігіттердің жолы болмады. Александр Шевченко ә дегеннен басты фавориттердің бірі, әлемнің үшінші ракеткасы испаниялық Карлос Алькарастан жеңілді. Ал, Александр Бублик аргентиналық Франсиско Серундолоға жол берді. Австралия ашық біріншілігінің жалпы қорытындысы 26-шы қаңтарда белгілі болады.