Қазақ күресінен ел үздіктері анықталды

Астанада «Дала қырандары» деген атаумен қазақ күресінен ерекше форматтағы жарыс өтті.
Ерекшелігі сол оның барысында тек түйе палуандар ғана емес, жеңіл, орта және ауыр салмақтағы жігіттер де өзара мықтыны анықтайды. Бас-аяғы 8 салмақ дәрежесі бар. Тағы бір ерекшелігі бұнда рейтингілік жүйе енгізілген. Яғни, республикалық жарысқа рейтинглік турнирлерде тұрақты белдесіп, ең жоғары ұпай жинаған 64 палуан ғана қатысады.
Сонымен, жарыс қорытындысы бойынша 55 келіде қызылордалық Теміржан Руслан, 60 келіде ақтөбелік Нұрлыхан Мұхаммедов, 66 келіде астаналық Ержан Еренғайыпов, ал, 74 келіде тағы бір ақтөбелік Бейбарыс Тұрғанбекұлы топ жарды. Ауыр салмақтарда шымкенттік Нұрдәулет Бақтыбайұлы, алматылық Ерасыл Жаңатаев, шымкенттік Ерсұлтан Мұзаппаров, ал, аса ауыр салмақта түркістандық Қайсар Шамшидинов қарсылас шақ келтірмеді.
Жеңіске жеткен палуандарға чемпиондық белдік пен 5 млн теңге сыйақы табысталды. Ұлттық күресіміздің насихатын күшейтіп, оның деңгейін көтеруге бағытталған жоба осымен 4-ші жыл қатарынан ұйымдастырылып тұр және алдағы уақытта да жалғасын табады дейді басы-қасындағы мамандар.