Қатарынан тоғызыншы жеңіліс

Құрлықтық хоккей лигасында өнер көрсететін қазақстандық клубтың жолы болар емес.
Ғалым Мәмбетәлиев баптайын жігіттер бұл жолы сырт алаңда Тольятти қаласының «Лада» командасымен кездесті. Матч барысында бір ғана шайба соғылды. 55-ші минутта алаң иелері сапындағы Александр Государев мергендігімен көзге түсті. Қорытынды есеп: 1:0.
Кезекті рет есе жіберген «Барыстың» турнир тізіміндегі орны өзгере қойған жоқ. Шығыс Конференциясының 11-ші сатысында тұр. Келесі кездесу ертең өтеді. Елордалық клуб тағы да сырт алаңда Қазан қаласының «Ақ Барыс» командасымен жолығады.
Еске сала кетейік, соңғы кезде елордалық клубта үлкен өзгерістер болып жатыр. Ұзақ жылдар бойы тапжылмай отырған бас директоры Борис Иванищев отставкаға кетті. Оның орнына Нұрлан Оразбаев тағайындалды. Ал, бас бапкер қызметіне жоғарыда айтқан Ғалым Мәмбетәлиев келді. Ол командадағы бірнеше легионермен қош айтысып, мұз айдынға жергілікті ойыншыларды көбірек шығарып жүр.